Жаңартылған білім мазмұны бойынша 1-сыныпта пәндерді оқытудың ерекшеліктері» тақырыбындағы тәжірибе алмасу семинар қорытындысы бойынша ақпарат
№3 Красный Яр көпсалалы орта мектеп-гимназиясында 2017 жылғы 1-4 наурыз аралығында «Жаңартылған білім мазмұны бойынша 1-сыныпта пәндерді оқытудың ерекшеліктері» тақырыбындағы тәжірибе алмасу семинары өткізілді. Семинарда 13 бастауыш сынып мұғалімі қатысты. Семинар бағдарламасына сәйкес 1.03.2017 жылы 1 «Б» сыныбының мұғалімі Саденова А.С. математика пәні бойынша «Теңдеу шешу» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, АКТ –ны тиімді қолдана отырып, теңдеу ұғымы бойынша түсінік беріп, оқушылармен топпен, жұппен және жекелей жұмысты тиімді ұйымдастырып, сапалы сабақ өткізді. Оқушылар белсендігі өте жоғары болды. 2.03.2017 жылы 1 «Ә» сыныбының мұғалімі Жанбосынова Г.А. математика пәні бойынша «Есеп дегеніміз не?» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, жаңа сабақты түсіндірудің тиімді әдіс-тәсілдерімен бөлісті, оқушылардың өздігінен есеп құру, оның бөлімдерін ажырата білуге жағдай жасады. 3.03.2017 жылы 1 «А» сыныбының мұғалімі Абильмажинова Г.Б. сауат ашу пәні бойынша «Ойын ережесін құра аламын.Ч дыбысы мен әрпі» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, өзара бағалау, кері байланыс жасау түрлерімен тәжірибе бөлісіп, оқушыларды сындарлы ойлауға (тақырыпқа сай сұрақ және сөйлем құрастыруға) бағыттай білді. Сонымен қатар, күнделікті өмірмен байланысты ұтымды қолдану арқылы тұтынушы құқығы туралы түсінік берілді. 3.03.2017 жылы 1 «В» сыныбының мұғалімі Бркенова Н.Е. сауат ашу пәні бойынша «Ойын ережесін құра аламын.Ч дыбысы мен әрпі» тақырыбында ашық сабақ өткізіп, тыңдалым және оқылым барысындағы әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар «Асық ату» ойыны ережесін құруға арналған шығармашылық жұмыс жүргізілді. 04.03.2017 жылы мектеп үйлестірушісі Р.Б.Жангалиева «Оқу жетістіктеріне критериалды бағалау өткізудің тәртібі туралы» пікір-талас ұйымдастырып, қалыптастыру бағалау жүргізудің тиімді тәсілдері талқыланды. Мұғалімдер пікір-талас барысында жиынтық бағалау ерекшеліктері бойынша ой бөлісті.