Эссе
Анашым
Ана жайлы ойыңды, айтып тауса алу мүмкін емес. Әркімнің өз анасына деген махаббаты шексіз. Мен де анамның маған сыйлаған мәнді өмірі үшін алғысымды айта отырып, өз ойымды аз да болса жеткізгім келеді. Осы бір үш әріптен тұратын «Ана» деген қасиетті сөздің құдіреті қандай десеңші!
Бізге жарық дүние сыйлаған ана емес пе? Ана — әрбір адам баласы үшін ең ыстық, жанға жақын, мағыналы да қастерлі сөз. Біз үшін түн ұйқысын төрт бөліп, ағаш бесікке асылып бал бөбегінің тәтті ұйқысын тамашалап отырып, таңның да атқанын сезбеген шығар. Алдыңа қойған мақсатыңа жетуің үшін ана жанын қиюға да дайын. Ана баласының үлгілі азамат боп өсуі үшін бар күшін салып, тер төгеді.Иә, аяулы анамды көрген сайын осылай ойлаймын.
Күннен- күнге қара шашын қырау шалып, жүзіне әжім сызаты түскенін байқап: «Не деген қайратты, қажырлы, еңбекқор жан еді?»-деп таңданамын.Өз парызыңды өтеу, бұл – ана алдындағы парызды өтеу.Қаншама байлық иесі болсаң да, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңды, оның саған жасаған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойындағы борышың. Қай адам қолынан келген сый – құрметін жасамады десеңші, шіркін! Дүниенің нұры, өмірдің гүлі, қызықтың қызығы – ананың қолында. Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді.
Халықта: «Анаңды меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген керемет нақылға айналған бұл сөзді, ешуақытта есімнен шығармай келемін.Иә, мен анам алдында әрқашанда қарыздармын.Өмірде мен ұқсағым келетін бірде бір жан болса- ол менің анам.Ана үмітін әрқашанда ақтауға тырысамын. Барлық адам ана алдындағы парызын өтеп, ақ сүтін ақтап, ананың шашына ақ түсірмей, тек осы киелі жандардың бақытты болуын ойлау керек. Себебі ең бақытты адам – анасы бар адам.Ананың мейірімі жан-жағына өз шуағын төгеді. Осы шуакпен жылынып,асыл ананың құшағында мейірім алып жүрген барша адамзат аналарды мәңгі ардақтап,аялай білсе,бұдан асқан бақыт жоқ шығар .